Untitled Document

Маңызды ескерту: Төмендегі 30 бөлімнің ішінде жанұя өміріне тән мәселелер болғандықтан, Ислам ғалымдары бұл мәліметтерді жалғыз отырып оқу керектігін білдірген!..


ЕРКЕКТІҢ ӘЙЕЛІ АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ

 

Ибраһим Хаққы Арзурумидиң «Марифатнама» атты кітабында былай делінеді:

Еркектің жұбайымен болған мәмілелерінде мына отыз нәрсені орындауы қажет:

1) Әйеліне әрқашан жақсы мінезбен қарауы керек. [Аллаһу та’ала жақсы мінезді адамдарды жақсы көреді. Мінезі нашарларды жақсы көрмейді. Адамды ренжіту харам болып табылады. Әйелін жәбірлейтін адамның үйленуі харам.]

2) Онымен әрдайым жұмсақ мәміледе болу керек. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уәсаллам: «Мұсылмандардың ең жақсысы, ең пайдалысы жұбайына жақсы және пайдалы болғаны» деген.

3) Үйге келгенде әйелімен сәлемдесу керек. [Яғни ассаламу алейкум деу] Қал-жағдайын сұрау керек.   

4) Оған оңашада көңілді екенін көргенде шашын сипау, сүю, құшақтау.  

5) Оңашада ренжулі екенін көргенде жағдайын сұрау, жұбату, жақсы нәрселер айту, жақсы көретінін айту.

6) Қиын, қолынан келмейтін нәрселерді айтып болса да көңілін аулау. Өйткені ол – басқалардан үмітсіз, тек өзіңе ғана сенім артқан өмірлік жолдасың, дертінің ортағы, тамағыңды дайындайтын, балаларыңды тәрбиелейтін адал жар. 

7) Бала тәрбиесінде оған көмектесу керек. Бала күндіз-түні жылап, анасына тыныштық бермей, еш аяусыз мазасын қашырып оны күйзелтуі мүмкін. Олай болса, оған көмектескен адамға Аллаһу та’ала көмектеседі.

8) Шамасы жетіп жатса әйеліне сол қалада әдет болған киімнің, әшекейлердің ең құндысын сатып алып беру керек. Әйел көшеге шыққан кезде бұларды да жауып (жасырып) жүруі керек, бөтен еркектерге көрсетпеуі керек.  

9) Халалдан болған ең жақсы азықтарды алып беру керек. Оған кең, ыңғайлы ислам әйеліне жарасатын киім және жақсы тағам қамтамасыз етуді өзіне борыш деп білуі тиіс. [Имам Ғазали рахметуллаһи алейһ “Кимия-и Саадет” кітабының 141-ші бетінде: «Жұбайының напақасын қыспау керек, ысырап та етпеу керек. Жанұяның напақасына жұмсалған ақшаның сауабы, садақа сауабынан да көп болады. Пайғамбарымыз саллалаһу алейһи уәсаллам: “Ғаза үшін, құл азат ету үшін, кедейге садақа беру үшін және үйдегілердің напақасы үшін жұмсалған алтындардың ең үстемі және сауабы көп болғаны үйдің напақасына берілген алтынның сауабы” деген. Ибн Сирин рахметуллаһи алейһ: “Ең болмағанда аптада бір рет тәтті тағам жегізу керек” деген. Жанұясын напақамен қамтамасыз ете алмайтын адамның үйленуі харам болады. Тамақты жалғыз өзі жемеуі керек. Бала-шағасымен бірге отырып жеген сауап. Ең маңыздысы напақаны халалдан тауып, халал азықпен бағу.» ]

10) Әйелін ұрмау керек. “Дуррул Мухтар” кітабының үшінші том, 188-ші бетіндегі кінәлардың бірін орындаса оны тазир ету, яғни тәртіпке салу жаиз болса да, онда да уәжіб емес.  

[Кейбіреулер Ниса сүресінің отыз төртінші аятын меңзеп әйелдерді ұруға болатынын айтуда. Ал негізінде аяти кәримада «Еркектер әйелдердің басшысы. Өйткені Аллаһу та'ала кейбір құлдарын кейбірінен үстем етіп жаратқан. Әрі еркектер өз мал-мүліктерін олар үшін жұмсайды. Әйелдердің жақсылары Аллаһу та’алаға мойынсұнады және жұбайының ақыларын орындайды. Ерлері жоқ кезде олардың намыстарын және мал-мүліктерін Аллаһтың көмегімен қорғайды. Қиянат етуінен қауіптенген әйелдерге жұбай ақыларын үйретіңдер және жылы сөздермен насихат айтыңдар! Оларды төсектен бөліңдер. Онда да ақылы кірмесе жеңіл түрде ұрыңдар. Тәртіпке келсе оларды ренжітетіндей нәрсе жасамаңдар!» делінген. Мал-мүлікке және намысқа қиянат етпеген әйелдерді ұру былай тұрсын, ешбір тұрғыдан ренжіту жаиз емес. Қиянат жасағандарды жұдырықпен емес шапалақпен немесе түйілмеген сүлгімен жеңіл түрде тәртіпке салуға рұқсат берілген. Намысқа және мал-мүлікке қиянат жасағандарды барлық үкімет, барлық заңдар ауыр жазаландыруда. Ислам діні әйелдерді қадірлегендіктен оларды заңның жазасына іліктірмей, жеңіл түрде жағдайды түзеуді тәжрибе етуді бұйырған. 

Бір хадис шәрифте: «Еркек әйелін ұрса, қияметте мен оның даушысы боламын» делінген. Дүниелік істердегі кемшіліктері үшін ұру былай тұрсын, дауыс та көтермеу керек.

Әйелдердің жүректері өте нәзік болатындықтан және сезімдеріне тәуелді келетіндіктен бір-бірлерін көре алмай, қызғанатындары, күндейтіндері де бар. Сондықтан, әсіресе жаңа үйленген жастардың бұл тұрғыда көздері ашық болуы керек. Анасының, әпке-қарындастарының және басқа да әйелдердің өз әйелін жамандағандарына алданбауы керек. Мұндай әңгімелерге жол бермеу керек. Мұндай сөздерге еріп, әйелін ренжітуден сақтануы керек. Анасы және әпке-қарындастарына қарсы әйелінің айтқан сөздеріне де сақ болуы керек. Ата-анаға қорлық көрсетілуіне жол бермеуі керек. Ата-анасына өзі, әйелі және бала-шағалары міндетті түрде құрмет көрсетуі керек. Ата-анаға және қайын атамен қайын енеге құрмет, қызмет етуді бірінші міндет деп білу керек. Үлкендердің разылығын, дұғасын, батасын алуға тырысу керек. Олардың игі дұғаларын алуды үлкен олжа деп білу керек. ]

11) Аллаһу та’аланың әмірлерін орындау жөніндегі кемшіліктері үшін бір күннен артық араз болмау керек.

12) Әйелінің жаман мінезіне жұмсақ, сабырлы мәміле жасау керек. Өйткені әйелдер иіңкі қабырға сүйегінен жаратылған. Ақылдары және діндері ерлерден азырақ болады. Еркекке аманат етіп тапсырылған. Жақсы қарым-қатынаста болу үшін алынған.

[Ақылды ерлі-зайыптылар бір-бірлерін ренжітпейді. Өмірлік досын ренжіту ақымақтықтың белгісі. Жаман мінезді адамның әйелі үнемі ренжи беріп, жүйке жүйесі тозады. Жүйке ауруына шалдығады. Түрлі ауруларға душар болады. Әйелі ауру болған адам бақытсыз болады. Әйелінің қызметінен, көмектерінен махрұм қалады. Бүкіл өмірі оның дертіне дауа іздеумен өтеді. Ал негізінде бүкіл бұл дерттеріне өзінің жаман мінезі себеп болған. Қанша өкінсе де, бұл өкінішінен ешқандай пайда болмайды. Олай болса  ей мұсылман өмірлік жарыңа көрсеткен жаман мінез, жаман қылықтарыңның кесірі өзіңе тиетінін ойла! Оған үнемі жылы жүзді, жұмсақ тілді болуға тырыс! Мұны атқара алсаң бақытқа кенелесің, Раббыңның разылығына да қауышасың! ] 

13) Мінезі жаман жаққа өзгеретін болса, бұған өзін кінәлау керек, “Егер мен жақсы болғанда, ол мұндай болмас еді” деу керек. Бір әулие кісінің әйелінің мінезі жаман еді. Бұған үнемі сабыр етіп жүретін, сұрағандарға «Егер онымен ажырассам, оған сабыр ете алмайтын біреу алып, екеуінің біреуі пәлекетке душар бола ма деп қорқамын» дейді екен. Ислам ғалымдары айтады екен: «Кімде кім жанұясындағы келеңсіздікке сабыр етсе алты нәрсе зияннан құтылады: бала таяқтан, ыдыстар сынудан, қорадағылар соққыдан, мысық сыбанудан, қонақ ыңғайсызданудан, киім жыртылудан құтылады» Бұлар “Ширатул Ислам“ кітабында жазулы.

14) Ол ашуланған кезде үндемеу керек. Артынша өзі істеген ісіне өкініп, кешірім сұрауы мүмкін. Өйткені ол нәзік жаратылған, үндемеген кезде қателігін мойындайды.  

15) Жақсылықтарының көбейгенін, әрбір істі қуана орындайтынын көргенде Аллаһқа шүкір етіп, оған дұға ету керек. Өйткені жақсы жар үлкен ниғмет болып табылады.

16) “Күйеуім мені қатты жақсы көреді” екен деп ойлайтындай мәміледе болу керек.

17) Дүкенге, базарға бару істерін оған жүктемеу, үй ішіндегі мәселелерде оның пікірін сұрау, сырттағы үлкен мәселелерді айтып оның көңілін түсірмеу керек.  

18) Әйелінің қате тірліктеріне қатысты мұқият болу қажет. Өйткені Адам атамыз “алейһиссалату уәсаллам” Хауа анамыздың шақыруымен қателікке жол берді.

19) Күнәға жатпайтын кемшіліктерін көрмеуге тырысу керек. Күнә істеуден бас тартуын, намаз, ораза және ғұсыл алуын жалғастыруды жұмсақ, жылы сөздермен айтып түсіндіру керек. Құнды заттар сатып алып беретініне уәде беріп, ғибадаттарын жасатып, күнәлардың алдын-алу керек.

20) Кемшіліктерін, сырларын басқалардан жасыру керек.

21) Оған әзіл-қалжың айту және онымен ойын ойнау керек. Аллаһу та’аланың сүйіктісі “саллаллаһу алейһи уәсаллам” әйелдеріне қарсы адамдардың ең биязысы болатын. Тіпті бір ретінде Айша “радиаллаһу анһа” анамызбен жарыс ойнады. Айша анамыз жеңді. Тағы бір ретінде пайғамбарымыз жеңді. Мұсылманның әйелімен ойнауы бос уақыт өткізу болып саналмайды және күнә емес, сауап болып табылады.

Ибн Абидин бесінші том, 253 бетте: «Лу’б, Ла’иб, Леһв, абес барлығы ойынмен уақыт өткізу болып табылады. Нарды, шахмат, он төрт тас сияқты ойындарды ойнау және бүкіл сазды аспаптарда ойнау және тыңдау, билеу, фокус, сайқымазақылық ету, өзгелерді келемеждеу, қол шапалақтау бәрі ойынға жатады және тәхриман мәкрух болып табылады. Тұрақты түрде болса немесе парыздарды орындауға кедергі болса немесе құмар (ақша тігіп) ойналса харам болады. Дәф, сырнай шалу және тыңдау да осылай. Хадис шәрифте: “Әртүрлі ләһв харам борлып табылады. Тек әйелімен ойнау, ат және қарумен жаттығу, жарысу жаиз” делінді. Соғысқа дайындалу үшін күресу де жаиз.» Футбол ойнау түрлі жақтарымен харам болуда.

22) Әйелін көше бойына, парктерге, ойын-сауық жерлеріне, спорт кешендерінің алдындағы үйлерге тұрғызбау керек, бөтен еркектерді көруіне, олармен сөйлесуіне себепкер болмау керек. Мешітке жақын және салих мұсылман көршілердің арасына қоныстандыру қажет. Салих көршілер бұлардың бір-бірлеріне зұлымдық етулеріне кедергі болады. Насихат айтады. Көмектеріне асығады. Сот жағдайларында дұрыс тарапқа куәлік етеді. Мұндай ауданға, мұндай қалаға хижрет ету уәжіп болады. Мұсылмандар жанұясын ауа райы жақсы кездерде тауға, су жағасына, харам болмаған, адам көп болмаған жерлерге қыдырту, демалдыру қажет. Демалыс күндері, адам көп болатын күндері қыдыртпаған жөн. Пасықтық (ашықша күнә істелетін) жиындарға апармау керек.

23) Әйелін Исламның тыйым салған түрдегі тәлімдерге, міндеттемелерге,  фитнаға себеп болатын жерлерге жібермеу керек. “Бехжетул Фәтауа” кітабында былай делінеді: «Әйелдер мешітке еркектерге айтылатын уағызды тыңдауға келсе, өкілетті адамдар бұларға тосқауыл болуы тиіс.» (Мәуліт тыңдауға келулері де осылай)

Хадиқа”да денемен жасалатын күнәлардың отыз екіншісінде былай делінеді: «Еркін әйелдің жанында күйеуі немесе махрем туысқандарының бірі болмастан жүзтөрт км ұзаққа жолға шығуы харам болып табылады. Әйелдер көп болса да харам. “Йа Расулаллаһ, әйелім қажылыққа бара жатыр” дегенде пайғамбарымыз “Сен де бірге бар!” деп бұйырған. Махрем дегеніміз ол әйелмен үйленулері мәңгілік харам болған, тегі арқылы, сүт арқылы және неке арылы туысқандары деген сөз. Әпке-сіңлілердің, әке-шешенің әпке-сіңлі-қарындастарының күйеулері махрем болып саналмайды. Өйткені бұл әйел бұлармен үйлене алады. Зимми махремі де, мұсылман махремі секілді үкімде. Пасық (жаман) болған, сенімсіз және балиғат жасына толмаған махрем туысқанымен де баруы жаиз емес. Балиғат жасына толмаған көрікті қыздар да әйел үкімінде. Әйелдердің махремсіз сапарға шығуларының харам екендігін Ханафи ғалымдары бірауыздан білдірген. Шафии мазһабында сенімді әйелдердің топтасқан күйде махремсіз тек қажылыққа баруы жаиз. Жандарында ешқандай еркек болмауы және фитна шықпауынан сенімді болулары қажет. Ханафи мазһабындағы әйелдердің Шафии мазһабын тақлид етіп махсремсіз қажылыққа барулары жаиз емес. Ханафи мазһабындағы адамның Шафии мазһабын тақлид етуі, тек бір парызды орындауда немесе бір харамнан сақтануда алдынан шыққан қиыншылықтан құтылу үшін жаиз болады. Жаиз болған жағдайда да тақлид етіліп жатқан мазһабтың бүкіл шарттарына мойынсұнуы қажет болады. Қажылықтың барлығы Шафии мазһабы бойынша орындалуы қажет болады. Өйткені бір ғибадатты орындап жатқанда қиыншылық жоқ кезде екі мазһабтяы араластыру тәлфиқ болады. Тәлфиқ етушінің ғибадаты сахих болмайды. Хадиқа кітабынан аударма тамам болды.»

24) Әйеліне Құран кәрім оқуды және парыздардан, харамдардан оған қажеттілерді үйрету керек. [Хақиқат кітапүйінің кітаптарын үйге әкеліп оқылуын қамтамасыз ету керек.] Аллаһу та’аланың әмірлері мен тыйымдарын білмеген адам пасық [жаман адам] болады және әйелі мен бала-шағасына үйретпеген адам жаһаннамда азап тартады.

25) Әйелінен рұқсатсыз мәниін одан ажыратпау керек және қосылу кезінде ол қанағаттанбайынша тоқтамау керек. Ибн Абидин “рахимәһуллаһу та’ала” некеде мөлшер түсініктемесінде: «Бір рет қосылу арқылы әйелінің ақысы өтелген болады. Қайталау діни тұрғыдан уәжіп болады. Қазылық тұрғыдан уәжіп емес. Яғни әйел қазыға шағымдана алмайды. Талап ету әйелдің де ақысы болып, талап еткен жағдайда орындау күйеудің мойнына уәжіп болады. Бұл жөнінде уақыты мен мөлшері білдірілмеді.» Ифраты (шамадан көп болуы) денеге, ал тәфриті (шамадан аз болуы) рухқа зиян береді. Төрт түннен артық бос қалдырмау керек делінді. Хайыз жағдайында оған жақындау харам болып табылады. Үлкен күнә. Әдет қаны он күннен кейін тоқтаса ғұсыл алмаса да қосылу жаиз болады. Он күннен бұрын әдет қаны тоқтаса, ғұсыл алғаннан кейін немесе бір намаз уақыты өткеннен кейін жаиз болады. Он күннен және әдет уақытынан бұрын тоқтаса, ғұсыл алса да әдет болған күндері толық бітпейінше қосылуы жаиз болмайды. Бірақ бұл уақыт аралығында намаз оқуы және ораза тұтуы қажет.   

26) Әйел тек үйде күйеуі үшін сәнденіп, өзгелер үшін сәнденбеуі тиіс. Әйелі және қыздары ашық жүрген еркектер олармен бірге жаһаннамға түседі, өте ауыр азап тартады.

“Халебии кәбир” кітабында былай делінеді: «Еркін әйелдің алақанымен жүзі және аяқтарынан басқа бүкіл дененсі әурет болып саналады. Өйткені пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уәсаллам”: “Әйел әурет болып саналады, ашық күйде шықса шайтан көздерін қатты ашып оған қарайды” деген. Аяқтары да әурет дегендер болды. Нұр сүресіндегі аяти кәримада: «Мұсылман әйелдер әшекейлерін көрсетпесін, жұмыс істеп жатып кенеттен ашылғандар күнә болмайды. Орамалдарын жағаларына дейін жапсын. (Осылайша шаштары, құлақтары және кеуделері жақсырақ жабылсын)» делінді. Аяти кәримадағы әшекейлерін көрсетпесін дегені әшекей бұйымдар тағылған жерлерін де көрсетпесін дегенді білдіреді. Ашылуы күнә болмаған әшекей жерлердің жүзі мен қолдар екендігін пайғамбарымыз білдірген. Осы сүреде тағы «Аяқтарындағы жабық тұрған әшекейлердің дауыстары естілмеуі үшін, әйелдер аяқтарын жерге ұрып жүрмесін» делінді. Аяқтарының әурет екендігі осы жерден де түсінілуде. Әйелдердің оранып жүру керектігі Құран кәрімде әмір етілді. Мұны кейбір қызғаншақ күйеулер айтқан деу дұрыс емес. Мұндай сөздер дін сауатсыздарының, тіпті дін дұшпандарының мұсылман әйелдерін алдау, азғыру үшін айтқан жалалары болып табылады. Аллаһу та’ала Құран кәрімде барлық нәрсені ашықша білдірмеді, сондықтан дін дұшпандарының мұндай жалаларының ешқандай қадірі жоқ. Бес уақыт намаздың қанша рәкат екендігі, әр рәкатта қанша сәжденің парыз екендігі, тағы көптеген парыздар Құран кәрімде ашықша білдірілмеді. Бұл парыздарды ашықша түрде пайғамбарымыз білдірді. Пайғамбарымыздың білдірген парыздар мен харамдар да Құран кәрімде ашықша білдірілген парыздар мен харамдар секілді құнды. Бұларға да сенбеген, қабыл етпеген адам діннен шығады, кәпір болады. Өйткені Құран кәрімнің он жеті жерінде «Аллаһты жақсы көрсеңдер маған мойынсұныңдар! Маған мойынсұнғандарды Аллаһу та’ала жақсы көреді» және «Аллаһқа және расулына мойынсұныңдар, мойынсұнбасаңдар, Аллаһ кәпірлерді әлбетте жақсы көрмейді» деген мағынадағы аяти кәрималары бар. Осы 17 аяти кәрима “Хадиқа” және “Бәриқа” кітаптарында ұзақ жазылған. Мәжмаул-Әнхурдегі хадис шәрифте пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уәсаллам” «Еркін әйелдің жүзі мен екі қолынан басқа бүкіл денесі әурет болып табылады» деген. Әурет жері ашық күйде еркектердің жанына шығу және өзгелердің әурет жеріне шәхуатсыз қарау да харам болып табылады. Бөтен әйелдің жүзіне де шәхуатпен қарау харам. Хадис шәрифте «Әйелдің қай жеріне болмасын шәхуатпен қараған адамның көздері қиямет күні ерітілген қорғасын құйылады, кейін жаһаннамға тасталады» делінді. Бөтен жас әйелдің қолын, жүзін шәхуатсыз ұстау да харам болып табылады. Хадис шәрифте: «Бөтен жас әйелдің қолынан ұстаған адамның қолы қиямет күні отпен толтырылады» делінді. “Зәуажир” кітабындағы хадис шәрифте «Күйеуінің үйінен басқа жерде басын ашқан әйел Раббысы мен өзі арасындағы пердені жыртқан болады» және «Аллаһқа және қиямет күніне сенген адам моншаға бармасын және Аллаһқа, қиямет күніне сенген адам шарап ішпесін және Аллаһқа, қиямет күніне сенген адам шарап ішіліп жатқан дастарханға отырмасын және Аллаһқа, қиямет күніне сенген адам бөтен әйелмен жалғыз қалып қылует етпесін» және «Ақыр заманда үмметімнің еркектерінің әурет жерлері жабық күйде де моншаға барулары харам болады. Өйткені ол жерде әурет жерлері ашық жүргендер де болады. Әурет жерлерін ашқандарға және басқаның әурет жеріне қарағандарға Аллаһ лағынет етсін!» және «Кіндік пен тізенің арасы әурет болып табылады» делінді. Ханафи мазһабында еркектің тізесі әурет болып саналады, ашуы харам болады. Шафии мазһабында тізе әурет емес. Малики және Ханбели мазһабында кіндік те тізе де әурет емес. Бұл екі мазһабта тек қопал мүшелер ғана әурет болып саналады. Бұл хадис шәрифтер қарсаңында мұсылман әйелдер оранып жүрулері, жалаңаштар жүретін жерлерге бармаулары қажет. (Мұсылмандар мүмкіндігінше көп қабатты үйлерде тұрмай, бақшалы, ыңғайлы жер үйлерде және үйлеріндегі моншаларға жуынулары жөн болады. Мұсылман еркектер жиналып жалаңаш адамдар жоқ оңаша жағалауларда шомыла алады. Ханафи және Шафии мазхабында болған еркектің ғұсыл алу үшін немесе напақасын, ақысын құтқару үшін немесе фитна шығуының алдын алу үшін қиын жағдайға түскен жағдайда басқа екі мазһабты тақлид етіп тізелері мен сандарын жаппауы жаиз болады. Бірақ қиын жағдай тоқтаған жағдайда бір минутқа да ашық қалуы харам болады. Әйелдер қиын жағдайда мазһаб тақлид етіп ешбір жерлерін аша алмайды. Өйткені төрт мазһабта да әйелдердің барлық жерлерін жабулары керек. Әйелдерді қиын жағдайға түсіретін себеп те жоқ.

“Тәфсири мазһари” кітабындағы Нұр сүресінің тәфсирінде былай делінеді: «Әйел тек зәру жағдай туындағанда басы, шаштары, мойыны мен бүкіл денесі жабық күйде көшеге шығуы керек. Әйелдің көшеге шығуы үшін зәру жағдай, қажеттілік заттарын алатын және дінін үйрететін ешкім болмауы. Орамалы мен жүзін де жауып және денесін жабатын кез келген матамен жабынып шығуы жаиз. Бұл жерде жүзі дегені басы дегенді білдіреді. Өйткені жүзі ашық шығуы төрт мазһабта да жаиз.» Бұл жерден түсінілетіні Османлы мемлекетінің соңғы дәуірінде әйелдердің оранған қара чаршаф деп аталатын кейіпте оранулары шарт емес. Кең және тізеден төмен плащ, наски және орамал мен жабынулары да жаиз. Имам Раббани рахметуллаһи алейһ бірінші том 313-шы хатында «бүкіл араб елдерінде пирахен, яғни камис, яғни антари деп аталатын ұзын көйлек киген еркектердің де әйелдердің де көп болғандығы, әйел көйлектерінің жағасы жабық, ал еркек көйлегінің алды ашық қамис болғандығы» жазылған. Ахзаб сүресінде әйелдердің жәлабибтерінің (жилбаб) кейбірімен орануы әмір етілуде. Әбуссууд Эфенди тәфсирінде былай дейді: «Жилбаб орамалдан кеңірек және көйлектен қысқа болған киім түрі. Әйелдер мұнымен бастарын жабады. Жүзі мен денесін жабатын барлық жамылғы түрін де осылай атайды.» Тибян тәфсиринде бұған милхафи яғни сыртқа шығатын кезде киетін жамылғы (киім) деген. “Мәуакиб” тәфсирінде және “Луғати Нажи” кітабында “жар, яғни феража, ұзын көйлек” екендігі жазылып, бұл қазіргі шапан немесе плащ дегенге келеді. Мұның екі бөлшектен жасалған қара чаршаф дегенді білдіретіні және әйелдердің тек осы чаршафты киюлері керектігі тәфсирлерде және фиқх кітаптарында жазылған емес. Тіпті «Харамнан болған жилбаб кигеннің намазы қабыл болмайды» деген хадис шәрифіндегі жилбаб сөзіне “Китабул-фиқхи алалмазахибил-әрбаа” кітабында қамис, яғни ұзын көйлек мағынасы берілген. “Мунжид” кітабында да жилбаб қамис дегенді білдіретіні айтылған. “Жалиятул-әкдар” кітабының соңғы бетінде «Йа Рабби, бізге хикметіңнің жәлабибін кигіз» деліген. Бұл хадис шәриф пен осы дұға жилбабтың еркектер де кисе болатын киі екендігін көрсетуде. Шафии мазһабының “Әл-әнуар” кітабының түсініктемесінде былай делінеді: «Әйелдің намазда кең, ұзын көйлек және орамалмен орануы және киімінің үстіне қалың жилбаб жабуы мүстаһаб болып табылады. Жилбаб – милхафа, фиража, плащ деп аталатын ұзын және кең көйлек немесе жамылғы немесе орамал дегенді білдіреді.» Аяти кәримадағы жилбаб сөзін «қара чаршаф» деп, кең және ұзын плащпен жабынуға қарсы шығу Құран кәрімді өз көзқарасымен қате тәфсир ету болып табылады.

Қазір заман басқа. Заманға сай болмаса болмайды деген сияқты сөздер дұрыс емес. Бұл масондардың жайған өтіріктері. Коммунисттер зұлымдық етіп, өлтіру арқылы мұсылмандарды жоюға тырысуда. Масондар болса өтірік және қате пікірлер таратып мұсылмандарды діннен шығаруға тырысуда. Мазһабсыздар (адасқандар) мұсылмандықты өзгертуде. Аяти кәрималар мен хадис шәрифтерге қате мағына беруде.)

27) Әйелінің хабарынсыз сапарға, тіпті нәпіл қажылыққа да шықпау керек.

28) Әйелі намаз оқып, күйеуіне мойынсұнса және бөтен еркектерге ашық күйде көрінбесе, одан басқа тағы үйленбеуі керек. Өйткені әйелдері арасында әділет пен теңдікті ұстай алмағандар жаһаннамға түседі. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уәсаллам: «Екі әйелі болып, екеуіне тең қарамаған адам қиямет күні махшар алаңына жартылай иілген күйде келеді» деген.

29) Әйеліне қайғысын, қиыншылықтарын, дұшпандарын, қарыздарын айтпау керек.

30) Оған үнемі қайырлы (жақсы) дұға ету керек, жаман дұға етпеу керек. Өйткені ол күндіз-түні күйеуі үшін еңбектенуде, үйдің күзетшісі, асшысы, тігіншісі, жолдасы және өмірлік жары.